«Ерінбей еңбек етсең, ерінің асқа тиеді». Аталы сөздің өміршеңдігіне оңтүстік қазақстандық нәзік жан көз жеткізді. Табысты кәсіпорынның тізгінін ұстаған Дана Жұмабаева отандық жеңіл өнеркәсіпті қанат жаюына атсалысуда. «KAZPLAST» ЖШС еліміздегі барлық дерлік тігін фабрикаларын алуан тігін фурнитуларымен қамтып отыр. Түрлі түстегі және үлгідегі түймелердің, бекіткіштер мен карабиндердің өндірісі оң жолға қойылды. Мемлекеттің жылы алақаны кәсіпорынның тынысын кеңейтуге және қуаттылықты арттыруға жол ашты. «Даму-Өндіріс» және «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламалары «KAZPLAST» ЖШС асығын алшысынан түсірді. «Даму» Қорының бастамалары кәсіпкерлік үшін таптырмас көмек. Бірегей институтқа үш мәрте жүгініп, қолдаудың игілігін сезіндік. Әуелі 2010 жылы «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиені қолға алдық. Жылдық мөлшерлеменің тең жартысы мемлекет есебінен демеу қаржыландырылды. 5 жылдан кейін 2 рет «Даму» Қорының кепілдігі өндірістің қарқынын арттыруға жол ашты. Оның арқасында банк біздің өтінімді құптап, несие рәсімдедік. Қаржы қажетті шетелдік құрылғыларды еншілеуге жұмсалып, кәсіпорнымыз дамудың жаңа көкжиегіне бет алды. Арманымызға «Даму» Қоры қанат бітіргені сөзсіз. Кәсіби білікті мамандар бізге құжаттарды рәсімдеуге қолғабыс етіп, жұмыстарын жедел орындады. Несие алу үшін еншіміздегі мүліктік кепіл қат болды. Егер «Даму» Қорының кепілдігі болмаса, онда банктің оң шешім қабылдауы екіталай еді, — деп өндірістің барысына «KAZPLAST» ЖШС директоры Дана Жұмабаева тоқталды. Кәсіпорынның іргетасы 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында қаланған. Әуелі тек әскерилерге, жұмысшыларға арналған киімдерге ғана түймелер шығарылған. Тек нарықтың сұранысын өтеу және бәсекелестікке төтеп беру өндірісті қамшылауды талап етті. Нәзік жан тәуекелге бел буып, соны инновациялық технологиялар мен құрал-жабдықтарға иек артуды ұйғарды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында құны қымбат итальяндық құрылғы сатып алынды. Жаңа технологиялық желі заманауи әрі сапалы түймелердің қатарын арттыруға жол ашты. Олардың үлгісі саналуан, пішіні мен түсі де әртүрлі. Таңдау аясы кең. Оған тапсырыс берушілер де көбейді. Цехтан сауда нарығына жол тартатын тауар көптің сенім үдесінен шығуда. Нәзік жанды кәсіпкер жетістігін тоқмейілсімейді. Бұйырған табысты өндірісті кеңейтуге, жұмысты автоматтандыруға жұмсамақ