Оңтүстік Қазақстан облысында тарихи-мәдени және экологиялық бағытта 57 туристік маршрут әзірленген. Туристерге жайлы келуді қамтамасыз ету үшін жүйелі бағыттар мен нысандар жасалды. Туристік маршруттар бойында инфрақұрылымды жетілдіру жөнінде аудан және қала әкімдіктерімен жұмыстар жүргізілуде, әр қайсысында туристік жолсілтегіштер және туристік нысандардың төлқұжаттары орналастырылуда, туристік нысандарды абаттандыру және әжетханалардың санитарлық жағдайларын жақсарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы Отырар ауданында Қарақоңыр ауыл округінде Бестораңғыл жерінде «АЛАШ» этноауылы кешенінің салтанатты ашылуы өткізілді. Іс-шараға Отырар ауданы тұрғындарынан басқа, облыста ақпараттық турда жүрген шетелден келген (АҚШ, Түркия, Польша, Франция, Германия және т.б.) БАҚ өкілдері және туристік операторлар қатысты. Этноауылдың ашылу рәсіміне 200-ге жуық адам қатысты. Этноауыл аумағында қонақтарға жайлы бірнеше киіз үйлер тігілген, асхана, шеберхана (шеберлік сыныптарын өткізеді), наубайхана және т.б. кішігірім ғимараттар соғылған. Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығына келуші туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы», «Руслан», «Дом Жени и Люды», «Көкжайлау», «Жабайы табиғат» туристік базалары қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 2017 жылдың соңына дейін Түлкібас ауданында «Жайлау» демалыс аймағын іске қосу жоспарланып отыр. «Alem AGRO» ЖШС тарапынан демалыс аймағы мен сауықтыру орталығының, «Нұран Құрылыс» ЖШС тарапынан демалыс аймағының жобасы әзірленуде. Алдағы уақытта «Руслан» және «Ақсу-Жабағылы» туристік базаларын кеңейту жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2017 жылы Төлеби ауданында «Изуми тау» демалыс аймағы іске қосылды. Ішкі туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар күнгейде қарқынды жүргізілуде.