Термальді және минералды суларды қолдана отырып ОҚО Сарыағаш ауданында сауықтыру туризмін әрі қарай дамыту мақсатында «Сарыағаш» курорт қалашығын (Көктерек елді мекені)дамыту жоспарлануда.
2014 жылы облыстық бюджет есебінен Көктерек елді мекенінің аумағы 530 га жер теліміне егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, курорт қалашығын дамыту макеті әзірленді. Жобада жаңа қонақ үйлер салу, шипажайлар, спа-орталықтар, конференц-залдар, ойын-сауық орталықтарын, спорт алаңдарын, мейрамханалар, аквапарк және т.б. салу қарастырылған. Аталған жобаға сәйкес, қолданыстағы курорт аумағынан қолданылмай отырған жер телімдерін қайтару, инженерлік инфрақұрылымды салу және модернизациялау, Көктерек елді мекені аумағын абаттандыру жоспарланған. Қолданылмай тұрған жер учаскелерін игеру мақсатында жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, курорт аумағында 30,3 га жер телімін нысаналы мақсатына сәйкес қолданбай отырған 28 жер иелері анықталды. Осыған орай облыстық жер инспекциясымен жер иелеріне жерлерді мемлекет мұқтажына қайтару бойынша хабарландырулар берілді. Бүгінгі таңда аталған жерлерді қолдануға уақытша шектеу қойылды. Бұдан бөлек, Көктерек елді мекенінің инженерлік инфрақұрылымын салу және жетілдіру мақсатында 2015 жылдың қазан айында инженерлік желілерге сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілді. 2015 жылдың қараша айынан бастап республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын кеңейту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. 2016 жылы Көктерек елді мекеніне кіре беріс жолдарды жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарына 53,8 млн.тг. бөлініп ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде аталған курортты аймаққа жарнамасыз ақ демалушылар қатары артып отыр