ОҚО Түркістан қаласында туризмді дамыту мақсатында Қ.А. Ясауи кесенесі аумағын абаттандыру макеті әзірленді. Кесене аумағына егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеуге 2016 жылы 6,0 млн. тг. қаржы бөлінді. Түркістан қаласын тарихи-мәдени және туристік орталық ретінде одан әрі дамыту мақсатында жергілікті бюджет есебінен 7,0 млн.тг. қаржыға Түркістан қаласын дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Бұдан бөлек, Қ.А. Ясауи кесенесі айналасында құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ЮНЕСКО-дан келісім алу үшін арнайы хат жолданды. Ағымдағы жылдың тамыз айында ЮНЕСКО-ның отырысы өткізілетін болады. Оң қорытынды алынған жағдайда жоба «БЖК 2020» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде қаржыландырылатын болады. Сондай-ақ Бадам су қоймасы – Шымкент қаласына ең жақын орналасқан су торабы (22 км). Аумағы 110 га құрайтын демалыс аймағының концептуалды жобасы әзірленген. Жобада Бадам ауылынан 6,7 км жол құрылысы, 926 көлікке арналған автотұрақ, әкімшілік-шаруашылық нысан, саябақ аймағы, жалға беру орындары, жағажай аймағы, тәулігіне 3 800 адамды қабылдауға мүмкіндік беретін аквапарк, кафе, демалыс күндеріне арналған 300 орынды мейрамханалар мен қонақжай коттедждерінің құрылысы қарастырылған. Бадам су қоймасы аумағында жағажай демалыс аймағын салу 5 000 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.