Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов, Германияда өткен әлем чемпионаты туралы тұщымды пікірін жеткізді. «Астанаға келгеннен бастап жанкүйерлер жақсылап күтіп алды. Ал енді Оңтүстік Қазақстан облысының қоржынына екі бірдей медаль түскеннен кейін жерлестеріміздің ықыласы ерекше. Жыл бойы осы жарысқа жақсы жоспармен, жүйемен, тыңғылықты дайындалдық. Жылдың басынан бері қаншама жарыстар болды. Бірақ биылғы ең басты жарысымыз осы Әлем чемпионаты болатын. Бұл екі жылда бір рет өтетін дода. Бұған төрт құрлықтан іріктеу арқылы өткен, кіл мықтылар ғана қатыса алады. Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына 13 -ші алтынды салған Қайрат Ералиев шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинаған, мықты боксшы. Сондықтан да Қайраттан алдағы уақытта да үлкен үміт күтеміз. Ұлттық құрамада көптеген мықты спортшылар бар. Соның ішінде жастарды айтып кетсем, Абылайхан Жүсіпов, Абылхан Аманқұл бар. Ал қола медальді жеңіп алған Ержан Жомарттың та болашағы зор дер едім… Бәсекелестердің болғаны дұрыс. Ол босаңсып кетпеуімізге, кем-кетікпен жұмыс істеп, жігіттерімізді қамшылауға сеп болады. Бүгінде буын алмасу процесі жүріп жатыр. Жанкүйерлерге уәде берейін, келер жылы, одан арғы жылдары жас боксшыларымыз ірі жеңістерге жететініне сенімім кәміл. Кейбір спортшыларымыз жасы келіп, кейбірі қолғаптарын шегеге іліп жатыр. Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетовтер де мықты спортшылар. Жастар өсіп келе жатыр. Жас спортшыларымыз бірінші рет Әлем чемпионатына барып үлкен дәрежеге жеттік. Бұл үлкен жетістік әрине. Келер жылы Азия ойындарында жетістікке жетеміз деген үміттеміз. «Еңбек бәрін жеңбек» деп еңбектенуге үндейміз. Бала кезімізде ұстаздарымыз осыны миымызға құйған. Жетістікке жетсек соның арқасында шығар… Ұлттық құрамада барлық жағдай жасалған. Еліміз бойынша қаншама базалар салынған. Ол жағынан алғанда алпауыт елдердің ешқайсысынан қалыспаймыз. Шымкентте жоғары шеберлікті шыңдайтын мектепке тіркелгенбіз. Боксшыларымыз үшін барлық жағдайы жасалған спорт залымыз бар. Ұжымымыз мықты. Елді қуанту үшін аянбаймыз. Елдің сенімін ақтау үшін барымызды саламыз. Азия ойындарынан бірінші орынмен келеміз деп сендіргім келеді.