Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында ішкі туризмді дамыту мақсатында көптеген жобалар қолға алынуда. Жүзеге асырылып жатқандары қаншама? Әрі өңірге ат басын бұратын туристерді көптеп тартуға да мүмкіндік мол. Облыстың түкпір түкпірінде көптеген ғажайып орындар жетерлік. Бүгінде тарихи-танымдық туризмді дамыту бағытында – «Ескі қалашық» маңында туристерді жаяу жүріп аралату, қолөнер шеберлерін, кәдесый бұйымдарын сататын орындар, суретшілер мен көше музыканттарын шоғырландырып, киелі Оңтүстіктің мәдениетін айқындайтын «Оңтүстік Арбатын» ұйымдастыру және «Жайлаукөл» демалыс аймағында «Мега аквапарк» салу жұмыстары көзделіп отыр.
Қалада ішкі туризмнің дамуына өз үлесін қосып жүрген кәсіпкерлердің бірі таяуда ғана шет елдерден келетін туристерге қызмет көрсететін 4 жұлдызды «Aidana Plaza» қонақүйі және мейрамхана кешенін ашып берді. 2018 жылы қалада «Гранд Шымкент» қонақүйінің, «Фонтан» аквапаркінің құрылысы және «Шығыс-Қытай» стиліндегі моншаның іске қосылуы жоспарланып отыр. Мұның барлығы да шетелден келетін туристер үшін қаланың тартымдылығын арттыруға сеп екені сөзсіз.