Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. Ол үшін мемлекеттік бағдарламалардың ролі зор. Сол қолдаулардың арқасында көптеген кәсіпкерлер ісін дөңгелетіп отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бизнесті қолдау және бірыңғай дамыту бағыты бойынша жылына екі рет мемлекеттік грант бөлінеді. Қаржысы да қомақты – 3 млн теңгеге дейін. Әрі қайтарымсыз, қолдау ретінде беріледі. Ол қаржы үздік идеяларға беріледі. Әрі маркетингтік зерттеулер жүргізілген, болашағынан мол үміт күттіретін жоба болуы тиіс. Оған жас кәсіпкерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Барлық бизнес идеялар облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасына ұсынылады. Олар әрі қарай жеңімпаздарды анықтайды. Аталған байқауда бағы жанып бүгінде түтіні түзу ұшып отырған кәсіпкерлер жетерлік. Олардың өз идеяларын жүзеге асыруға деген құлшыныстарының әрі қолдаудың арқасында кәсіпкерлер қатары артып келеді. Бүгінгі кәсіпкерлер білімді, ғаламтордан, басқа да дерек көздерден қай кәсіптің болашағы бар, қалай жүргізу қажет, бәрін бағамдап отырады. Жас кәсіпкерлердің басым бөлігі бәсекелесі жоқ салаға тыңнан түрен салуға құмбыл. Құптарлық ақ.