Табиғаты тамылжыған ОҚО –дағы Түлкібас ауданының орталығы Т. Рысқұлов ауылында жеке кәсіпкер Нұржан Әбдінұрұлы Бәйменов деген азамат тұрады. Жастайынан кәсіпкерліктің алуан түрімен айналысқан ол үнемі жерлестеріне қайырымдылық қолын созып жүруді ұмытқан емес. Кезінде жүн қабылдайтын бекетте, темір-терсек қабылдайтын орында еңбек етіп жүргенде алпыс үйге көгілдір газ кіргізіп беріп, ауыл тұрғындарының ризашылығына бөленген еді. Енді міне, жүрегі мейірімділікке толы Нұржан бауырымыз Т. Рысқұлов ауылындағы қырат беткейден ойпаңға түсу үшін аралығы жетпіс метрдей болатын жерге жаңа баспалдақ орнатып, халықтың ризашылығын алып отыр.
-Кеңес Одағы кезінде 1984 жылдары ірге тасы қаланған ескі баспаладақ әбден тозып жаяу жүргіншілерге қиындық туғызып жүруші еді, – дейді Нұржан өткен жылдарды еске алып, — Фундаменті шашылып жүруге жарамсыз болып қалған ол жерден талай адам құлап, жарақат алғандары әлі есімде. Бұл құлама құздан жас балалар да, қария кісілер де, мектеп оқушылары да қорқа-қорқа өтетін. Әсіресе, қыс мезгілінде, жауынды-шашынды күндері қиындау болатын. Осы жерге жаңа баспалдақ тұрғызу қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп тұрса да, жергілікті басшылар тарапынан да, халық қалаулыларынан да ешқандай ұмтылыс, қызығушылық байқала қоймаған соң, нар тәуекел деп бұл шараны өзім қолға алуды ұйғардым. Өз қаражатыма қажетті құрылыс бұйымдарын сатып алып, жергілікті төрт жігітке ақша төлеп, жұмысты бастап жібердік. Көз қорқақ, қол батыр дегендей қызу басталған жұмыс он бес күнде бітіп, аудан тұрғындары бүгінде жаңа баспалдақпен рахаттана түсіп, шығуда. Енді Құдай қаласа бұл баспалдақтың жан-жағына жақтау орнатуды қолға алып жатырмын. Мен әрине, мұны жеке өз атымды шығару үшін мақтанғанымнан істеп жатқаным жоқ. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей шын қайырымдылық – жүрек қалауымен жасалады емес пе? Ауылымыздың сән салтанаты, тазалығы, жасыл желек жамылған келбеті көркейіп тұрса оның несі жаман? Ауыл азаматтарының ынтымақ бірлігі бекем, тірліктері тындырымды болса, бәріміздің абыройымыздың асқақтайтыны даусыз. Иә, қарапайым кәсіпкер, алтын асықтай төрт перзентінің асқар таудай әкесі Нұржан бауырымыз осылайша жерлестерінің сенімінен шығып, үлкен сауапты іс атқарды. Ол бәрінен бұрын бұл шараны Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру бағытында қолға алып отырғанына қуанышты екенін жеткізіп отыр.
Орынтай КӨМЕКОВ