ОҚО Түлкібас ауданы орталығындағы базарда қоныс тепкен ерлі-зайыпты Рахат пен Сәуленің шағын шеберханасында жұмыс дегенің қызып кеп береді. Жүздері жылы, қимылдары ширақ, қолдары епті олар соңғы үш жылдан бері аудан тұрғындарына темір пештің мұржаларына қажетті құбырларды жасап, олардың кез-келген тапсырыстарын орындап келеді. Тұрғындардың өтінішіне орай қалың қаңылтыр темірлерді сан түрлі әдіске салып, иіп оны мықтап бекітіп бере алады. Олардың шағын шеберханасында темір кесетін, иетін түрлі аспаптар жетіп артылады. Бір сүйсінерлігі, темірден түйін жасауда нәзік жанды Сәуленің өзі жолдасынан бір қалыспайды.
-Бізге қазірдің өзінде тұрғындардан көптеген ұсыныстар түсіп жатыр, — дейді шеберхана меңгерушісі Рахат Мұсатаев бізбен әңгімесінде. – Өйткені, күн суытып келе жатыр. Енді бірер айдан соң қақаған қыстың ызғары да білініп қалады. Сондықтан, адамдардың суық түспей жасап жатқан әрекеттерін түсінуге болады. Бізге көбінесе жел кезінде өшіп қалмайтын мұржаларға арналған құбырға, оның басына орналасатын қалпақшаларға тапсырыстар түседі. Ал, біз ол тапсырыстарды дер кезінде орындауға күш салып жүрміз.
Одан әрі ол темірден түйін түюді марқұм әкесінен үйренгенді, әкесі кезінде диірменші, темір ұстасы болғанын мақтанышпен айтып өтті. Ерінің қасында жүрген Сәуленің мамандығы қарапайым технолог болса да, оған мойынұсынбай басқа кәсіпті таңдауы, оның бұл салада өзін суда жүзген балықтай сезінуі әрине, көңіл қуантады. Ерлі зайыпты кәсіпкерлер өздерінің ризықтарын адал еңбектерімен тауып отырған олардың Құдай берген жеті перзенттері бар екен. Оның үшеуі студент болса, қалғандары мектеп қабырғасында, бала-бақшада тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Осы орайда, Алтын алқалы ана Сәуле Әділбекқызының еңбекке деген құлшынысын қалай мақтасаң да жарасатыны өзінен-өзі түсінікті болса керек. Біз сөзіміздің соңында халқымыз үшін сирек мамандық болып табылатын темір июдің қыр-сырын ұршықша иіріп отырған ерлі-зайыпты кәсіпкер Рахат пен Сәуленің адал еңбектеріне сәттіліктер тілеп, келешекте бұдан да маңызды мамандықтарды игере берулеріне тілектестігімізді білдірдік.
Орынтай КӨМЕКОВ