Оңтүстiк Қазақстан облысының барлық аудан, қалаларында «Бiр терезе» қағидасы аясында ашылған «Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығы» кәсiпкерлерге үлкен көмек көрсетiп келедi. Ол кәсiпкерге бизнес-жоспар жасап беруден бөлек, сол жобаны жүзеге асыруда толықтай қызмет түрлерiн көрсетедi. Осы орталықта орналасқан қаржы институттары мен әкiмдiктiң тиiстi құрылымдық бөлiмшелерi бизнес өкiлдерiне керектi құжаттарды ресiмдеу тәрiздi қызмет түрлерiн қысқа мерзiмде әзiрлеуге, әкiмшiлiк кедергiлердi мейлiнше азайтуға мүмкiндiк жасап отыр. Мұнда бизнес өкiлдерiне көрсетiлетiн консалтингтiк қызметтер ақысыз негiзде жүзеге асады. Орталық жанындағы кәсiпкерлiк мектептiң тыңдаушылары да бизнес негiздерiн тегiн үйренедi. Олар төрт күн бойы бизнестi бастау, бизнес-жоспар түзу, кiрiс-шығыс есебi, менеджмент-маркетинг, мемлекеттiк сатып алуға қатысу, заңдық аспектiлер, яғни өзiнiң кәсiпкерлiк құқығын қорғау және қаржыландыруға бағытталған бағдарламалармен танысады.
Қазiргi таңда «Ауыл шаруашылығы кооперативiнiң қызметiн ұйымдастыру бойынша» оқытулар өтуде. Кооператив басшылары мен мүшелерi мемлекеттiк бағдарламалармен танысып, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн субсидиялау бойынша кеңес алады. Сонымен қатар, қаржыландыру шарттары, шығарылған тауарлар мен қызметтi бәсекелестiк нарықта өткiзу тәсiлдерi, шаруашылық операцияларының бухгалтерлiк есебiн жүргiзу және салық салу базаларын есептеу мен салықтық есептiлiктердi толтыруды үйренедi.
Кәсiпкерлiк мектебiнiң тағы бiр ерекшелiгi – мобильдi оқыту бойынша тәжiрибелiк салалық шеберлiк-сыныптар өткiзедi. Тыңдаушылар өз таңдауы бойынша мал, өсiмдiк, құс, балық шаруашылықтары, өндiрiстiк шағын цехтар мен сервистiк қызмет көрсету салалары бойынша жұмыс iстеп жатқан кәсiпорындарда, индустриялық аймақтарда шеберлiк-сыныптардан өтедi. Әрекеттегi кәсiпкерлермен тәжiрибе алмасу көп нәрсенi үйренуге, сонымен қоса, озық технологиялармен танысуға мүмкiндiк бередi.
Баян Дарғожина