Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағында бүгінде индустриалдық-инновациялық даму бағытында құрылысы жүргізіліп жатқан өндіріс орындары жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі «Шымкент Темір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің болат құю зауыты биыл іске қосылатын болады. Өндірістің жалпы құны 4 миллиард 290 миллион теңге болып отыр. Алып кәсіпорын іске қосылған шақта жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы болмақ. Бұл дегеніңіз алып кәсіпорындардың ғана қуаттылығы жетеді. Сондықтан да айтулы өндіріс орны облыс экономикасына қомақты қаражат құятын болады. Құрылысы толық аяқталып пайдалануға берілген уақытта 150 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Облыста ҚР индустриалды- инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасының аясында қолға алынған жоба болғандықтан зауытқа мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілуде. Кәсіпорын негізінен шойын мен болаттан құйылған өнімдер шығаратын болады. Өнім газдандырылған модельдер бойынша ілкімді әдісті қолдану арқылы өндірілмек. «Оңтүстік» индустриалдық аймағы өңірдегі аудан, қалаларға үлгі болатын ауқымды жобаларымен мақтана алады. Сондай-ақ, мұнда кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалуда. Өңірдің экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған іскер азаматтар алдағы уақытта тың жобаларды іске қосатыны айқын.
Балауса Айымбетова