Жерінің асты да, үсті де қазынаға бай Теріскей өңірінде ураннан басқа алтын, темір, мыс, тіпті ас тұзы да өндіріледі. Индустриалдық-инновациялық бағдарлама аясында ашылған индустриалды аймақта орналасқан «Дархан-Ас» зауыты бүгінде ішкі нарыққа да, сыртқы нарыққа да ас тұзын шығаруда. Бұған дейін көршілес Қызылорда облысының тұзын тұтынып келгендер бүгінде теріскейдің өнімін пайдалануда. Йодталған ас тұзын шығаратын кәсіпорын жылына 9 600 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Жыл басынан бері 43,2 миллион теңгенің өнімін өндірген. 2 500 тонна ас тұзын өңдеп, нарыққа шығарыпты. Ел қазынасына 1,7 миллион теңге салық төлеген. Жаңадан ашылған кәсіпорын алдағы уақытта өндіретін өнімдерінің көлемін мұнан да арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда 14 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жергілікті 14 тұрғынды жұмыспен қамтыған зауыт жылына 9-10 мың тоннаға дейін тұзды өндіріп, облыстың тұзға деген 100 мың тонналық сұранысының 10 пайызын қамтамасыз етуге қауқарлы. Тұз өңдеу цехында бүгінде жұмыс қызу. Кәсіпорын толықтай автоматтандырылған, заманауи технологиямен жарақтандырылған. Бір тетікпен басқарылады. Сағатына 5 тоннаға дейін тұз өңдей алады. Шикізатты да алыстай арбалаамай, «жақыннан дорбалап» отыр. Өндіріске қажетті шикізатты ауданның Тасты ауыл округіндегі «Бақыт таңы» тұз кенінен алады. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың арқасында жылдығы 6 пайызбен 70 миллион теңге несие алған өндірісін өрге өрлетіп отыр. Жақын аралықта несиеден толық құтылатын күн де таяу. Өңдеу цехында 1, 5 және 10 келілік ас тұздары қапталып өңіріміздің түкпір түкпіріне жөнелтіледі.