Оңтүстік Қазақстан облысында ҚР индустриалды- инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру бойынша аудандарда ашылған индустриалды аймақтар бүгінде қарқынды жұмыс атқаруда. Облысымызға қарасты Шардара ауданында негізінен балық шаруашылығы жақсы дамыған. Шағалалы Шардарада бүгінде дәл осы кәсіп түрін меңгерген ондаған серіктестік жұмыс атқаруда. Ауданда үдемелі индустриалды – инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған кәсіпорын бүгінде көшін түзеп, тірлігін түзеп келеді. Жылына 600 тонна балық өндіруде. Бүгінгі таңда кәсіпорында 30 адам жұмыспен қамтылған. «Саодат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудандағы балық өңдеумен айналысатын төртінші кәсіпорын. Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланған өндіріс басшысы 42 миллион теңге несие алған. Өз қалтасынан да біраз қаражат қосып, бүгінде кәсібін өрге домалатып отыр. Әзірге балық өңдеу зауыты шикізатты шеттен тасып отыр. Арал, Көксарай мен еліміздің батыс аймақтарынан да тонналап шикізат алуда. Ал алдағы уақытта өздері шабақ өсіруді меңгермек. Ол үшін мамандарын оқыту курстарына жіберіп, білімдерін жетілдіруде. Ішкі нарықтан бөлек Шардара балығының 70 пайызы Еуропа елдеріне экспортталуда. Алдағы уақытта экспорт көлемін бұдан да арттыурды көздеп отыр. Филе, сазан балықтарын мұздатып шетке тасымалдауда. «Саодат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балық өңдеу межесін арттырамыз деп отыр.