Бұрын өңделген томат өнімдерін шетелден тасымалдайтынбыз. Енді тек отандық өнімді пайдаланатын боламыз. Отандық өнім дүкен сөрелеріндегі импорт тауарларды түре қуып шығатын күн де алыс емес. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Арыс қаласындағы «Агрофирма Жаңа Ақдала» ЖШС-нің қызанақ өңдейтін томат зауыты бүгінде облыс аумағында аудандарды томат пастасымен қамтып отыр. Тәулігіне 400-500 тонна қызанақ өңдейтін алып кәсіпорын алдағы уақытта да өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Ол өз кезегінде өнім қуаттылығын арттырудан бөлек жаңа жұмыс орындарының ашылуына септеседі. Бүгінде мұнда 70 тоннаға жуық томат концентраты дайындалуда. Алдағы уақытта өндіріс орны жұмыс көлемін кеңейтіп, томат концентратынан дайын өнім шығармақ. Жақын күндері кәсіпорын жаңа желіні іске қосып, жаңа өнім шығармақ. Қазіргі таңда арнайы құрал жабдықтарды алып, орнатып қойған. Өнім «Алтын дән» маркасымен үш түрлі көлемдегі шыны ыдыста шығарылатын болады. Табиғи дайын өнім Оңтүстік өңірінің сауда қатарларынан бөлек, еліміздің жеті облысында да саудаланады деп жоспарлануда. Шикізатты шеттен тасымалдамайды. Ақдала ауылдық округіндегі «Агрофирма Жаңа Ақдала» ЖШС-нің егістік алқабында өсіріледі. Онда жаңа әдіс қолданылуда. 400 гектарға жуық жерге егілген қызанаққа тамшылатып суару әдісі пайдаланылады. Серіктестік үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған. Ал өндіретін өнімі томат пастасының концентраты. Кәсіпорындағы томат өндіретін зауыттың өндіріс қуаттылығы тәулігіне 600 тонна.