Оңтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары бүгінде индустриалды аймақта өнім өндірумен айналысып жатқан ірі кәсіпорындардың өнім көлемі артып келе жатқандығын айтуда. Индустриалды аймақта орналасқан битумдық материал өндіретін кәсіпорынның өнімі бүгінде өтімді. Зауыт өткен жылмен салыстырғанда, тәуліктік өнімділікті 30 пайызға ұлғайтқан. Соның арқасында өнім көлемі 700 тоннаға жетті. Нәтиже де жаман емес. Кәсіпорын жұмысшылары 200 мың тонна битумдық материал өндіруді жоспарлап отыр. Ал Қазақстанда битумдық өнімді тұтынудың жыл сайынғы көлемі – 550-650 мың тоннаға жуық. Битумдық материалдардың жоғары сапасы мен логистикалық артықшылықтарына орай, серіктестік жұмыс істеген 5 жыл ішінде үлкен жетістікке жетті. Жоғары сапалы битумды өндірумен қатар, орап-түю торабын дамыту да қолға алынған. Бұл Қазақстанда битумдық зауыттың технологиялық процестерін жаңғырту бағдарламасының маңызды кезеңі. Оны іске асыру Қазақстанда, Тәжікстанда, Қырғызстанда және басқа елдерде контрагенттерді қамтамасыз ету үшін жылына қосымша 15 мың тонна өнімді орап-түюді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Зауыттың географиялық орналасуы қазақ жол-құрылыс саласы үшін, сондай-ақ шетелдік тұтынушылар үшін битумдық материалдарды жөнелтуге мүмкіндік береді.