Оңтүстікте шыны ыдыстарын шығаратын «Еврокристалл» зауыты арнайы итальяндық құрылғыларды сатып алуды жоспарлап отыр. Зауыт қожайынының мәліметінше, көмірқышқыл газын сусындарды газдау үшін пайдалану көзделіп отыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Баршаға белгілі, бүгінде «Еврокристалл» серіктестігі шыны ыдыстар шығару ісімен танымал. Ондағы өндірілетін өнімдерді алкогольдік және газдалған сусындар мен шырындар, сүт пен дәрі-дәрмектер шығаратын зауыттар қолдануға мүдделі. Мұнда түрлі қалыпта – 200 мл-ден 3 литрге дейінгі түссіз және жасыл түсті бөтелкелер мен құтылар әзірленеді. Осынау өнімдерге Қазақстанның барлық аймағы мен Қырғызстаннан тапсырыстар келіп түсуде. Еске сала кетсек, «Оңтүстік» индустриалды аймағынан ашылған шыны ыдыстар шығарушы зауыт тарихы 2014 жылдан бастау алады. Сол кезде жылына 70 млн бөтелке шыны ыдыстарын өндіруге қауқарлы зауыттың І кезеңі жұмысын бастаған болатын. 2016 жылы өндірістің ІІ кезеңі іске қосылып, бір жылдағы жалпы қуаттылық 200 млн бөтелкеге шықты. Шыны ыдыстар өндіретін зауытта әлемнің жетекші өндірушілерінің (Хайе, Германия; Санжин-Эмхарт, Қытай-Швейцария) заманауи құрылғылары орнатылған. Олардың ерекшелігі сол, бақылаушы мәшинелер өндірілген өнімдерді мұқият тексеріп, қираған әйнектер мен ақауы бар ыдыстарды анықтап, өндіріске кері қайтарады. Сонымен бірге, онда шыны өнімдерді қабылдау мен жою процестері автоматтандырылған. Әйнектерді өндіру жұмысында еліміздің жер қойнауынан алынатын кварц құмдары мен дала шпаты, доломит, әктас, бор, микрокальцит сынды шикізаттар қолданылады. Қалған шикізаттарды зауыт басшылығы шетелден алдырады.