Оңтүстікте ғылыми зерттеу орталықтарының инновациялық белсенділігі артып келеді. Ел дамуына үлес қосатын жобалар түрлі салада сынақтан өтіп, өз нәтижесін беруде. Түркістан облысы — қой шаруашылығына қойлайлы аймақ. Жаймашуақ ауа райы, құнарлы топырақ бұл шаруаны дөңгелетіп алып кетуге мүмкіндік туғызады. Түркістан облысы ғалымдардың селекция тәсілі арқылы шығарған жаңа «Ордабасы» асыл тұқымды қойына бүгінде сұраныс көп. Жаңа тұқымды қойлар ыстыққа, суыққа төзімді келеді, шөлге де шыдамды дейді шопандар. Қаракөл елтірісіне де сұраныс әлі күнге жоғары. Қолда бар бірлі-екілі елтірінің өзін көрші Қытай мен Түркия елдері қоймай сатып алып жатыр. Демек, Шопан ата тұқымының осы түрін шұғыл жандандыру қажет. Аядай ғана зертханада ғылыми қызметкерлер мұнаймен ластанған бетондарды тазартудың жолын зерттеуде. Қара алтын, әсіресе, климаты ыстық күнгей халқы үшін зиян дейді ғалымдар. Осыған дейін түрлі жуғыш заттармен тазаланып келген бетондар енді жаңа әдіспен тазартылады. Бұл әдіс — экологиялық тұрғыдан тиімді. Ғылыми қызметкер Эльмира Сырлыбаева екі жылдан бері Қошқар ата өзенін зиянды тұрмыстық қалдықтардан тазарту жолдарын зерттеп жүр. Ол үшін алдымен ағын суға зиянын тигізетін түрлі синтетикалық жуғыш заттардың құрамына сынама жүргізді. Бүгінде дүкен сөрелерінде сықиып тұрған, халық көп тұтынатын жуғыш заттардың өсімдіктерге қалай әсер ететін көз жеткізді. Алғашқы зерттеулерінің нәтижесімен бөліскен кейіпкеріміз кәдімгі кір сабын мен балаларға арналған сабыннан өзгесі өсімдік атаулыны жойып жібереді дейді. Ел экономикасын дамытудың кепілі — ғылым мен инновация. Нарықтың үдемелі сұранысын қанағаттандыру тек тың идеялармен ғана жүзеге асады. Иновациялық ортаның нәтижелі жұмысы бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастырады.
Отырар.кз