Қазақстан Республикасының индустриалды- инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасы Түркістан облысында қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Оны жүзеге асыру мақсатында көптеген жобалар қолға алынған. Бүгінде облыс орталығында 4 мың комплект жиһаз шығаруға қауқарлы ЖК «Рахманкулов А.П.» жиһаз шығаратын фабрикасы ауқымды жұмыс атқаруда. Теңіз асып, тау басып әкелінген жиһаздардың бағасы айға ақырып тұрғаны рас. Ал өңірімізде шығарылып жатқан заман талабына сай әсем жиһаздар көпшіліктің сұранысына ие. Сапасы жоғары, талғамға сай жиһазға тапсырыс берушілер де көп. Бүгінде өңірімізде түрлі жиһаз өндірісімен айналысатын ірілі ұсақты кәсіпорындар жетерлік. Олардың ұсынып отырған өнімдері де сан алуан. Бағасы да әртүрлі. Дегенмен «Рахманқұлов» кәсіпкерлігі шығаратын өнімнің орны ерек. Қолға алынған жобаның жалпы құны 506 миллион теңгені құрайды. Өндіріс орнының құрал жабдық, қажетті шикізатына қажетті 300 миллион теңгесін кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама аясында алған. «Белла жиһазы» брендімен шығарлатын өндірісте заманауи технологиялар қолданылады. Әлемдегі ең өтімді брендті өнімдерден артықшылығы басым. Бүгінде мұнда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Алдағы уақытта өндіріс орны өнім көлемін көбейтіп, жұмыс орнын да арттырмақ ниетте.