Түркістан облысына қарасты Кентау қаласы трансформатор зауытымен аты шыққаны белгілі. Әлемнің көптеген елдеріне өзінің өнімін экспорттап отырған кәсіпорын бүгінде жастарға да барынша жағдай жасауда. Осы кәсіпорынның жанынан біршама уақыт бұрын политехникалық колледж ашылған болатын. Осы білім ордасында оқыған жастар бірден трансформатор зауытына жұмысқа орналасады. Алған білімдерін тәжірибемен ұштастырған жастардың әрине жұмыссыз қалмайтындығы анық. Орта оқу орнын бітірген жастар дипломдарын алып бір қуанса, бірден жұмысты болып тағы қуанады. Дуальды оқыту жүйесінің алғашқы жемісін көрген өндіріс орны олардың біліктілігін арттыруды ендігі кезекке қойып отыр. Оған дейін жас маманның әлеуметтік жағдайын жақсартып, мамандығының қыр-сырын меңгеретін болады. Қазіргі жастар арасында беделді мамандықты таңдамай-ақ кәсіптік білімді меңгерген жастар бірден жұмыс орнына тұрып қуанып жүр. Техникалық мамандықтың құлағынан ұстаған жастардың жағдайы жаман болмасы анық. Биыл Кентау политехникалық колледжін 131 түлек бітіріп отыр. Олардың 15-і қызыл дипломға ие болды. Үздік студенттерді колледж құрылтайшысы Кентау трансформатор зауыты қамқорлығына алған. Колледж түлектерінің ешқайсысы да нәпақасыз қалмақ емес. 131 бітіруші түлек болса, соның 80-і «Alageum electric» компаниясының құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеуге құлшыныс танытқан. Осылайша оқу ордасы да, зауыт та өңіріміздегі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына өз үлестерін қосып отыр.