Еліміздегі ірі кілем шығару фабрикасы «Бал Текстиль» кәсіпорны қазіргі заманғы бельгиялық жабдықта синтетикалық «БПК», «Жылу — Set», «Frize» полипропилен жіп брендтерінен жасалған кілемдер өндіреді. Компанияның өнімдері «Туран», «Хан-Тенгри», «Лидер», «Алатау», «Сарыарка», «Барыс», «ANTIQUE IMPERIAL», «ASTANA DELUXE», «VIZION», «FRIZE», «KASHAN», «SILK» сауда белгілерімен шығады. Кілем фабрикасының жалпы ауданы 6 гектарды құрайды. Түркістан облысындағы индустриалды аймақта орналасқан. Ал өндірістік қуаты жылына 5 млн. шаршы метр кілем тоқуға қауқарлы. Өндірісте 200-ден астам адам жұмыспен қамтылса, 500-ден астам адам дизайнерлік міндетін атқарады. Айта кету керек, «Бал текстиль» фабрикасының Қазақстан бойынша 400-ден астам дистрибьюторы бар. Компания болашақта бүкіл әлемде кiлемдердiң және кiлем бұйымдарының көшбасшы өндiрушiсі болуды мақсат етуде. Аталмыш кәсіпорын өңіріміздегі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде ашылған. Бүгінде облыс экономикасын алға сүйреуші ірі кәсіпорынға айналып отыр. Қолжетімді бағада өнімдерін ұсынатын компанияға тапсырыс беруге де болады. Көбіне мекемелердің суреті басылған, не болмаса мерейтойға арналған кілемдерге тапсырыс көптеп түседі. Одан бөлек сыйлық жасауға тапсырыс беретіндер де баршылық. Қазақы оюмен нақышталған өндіріс орнының өнімдерін бүгінде балабақшалар, мектептер көптеп сатып алады. Кішкентай бөбектердің қазақы оюмен көмкерілген кілемде асыр салып ойнап жүргені көңіл қуантады. Бұл да болса баланың бойына ұлттық, қазақы рухты сіңірері сөзсіз.