«Отау-Строй» құрылыс компаниясы Түркістан облысында «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша жеті қабатты, көп пәтерлі 14 тұрғын үй кешенінің құрылысын бастады. Тұрғын үйде 768 пәтер болады. Жалпы ауданы 46,432 шаршы метр, 4,12 гектар жерде орналасқан. Жыл басында жобаны «АТФ Банк» АҚ арқылы несие алу туралы өтінімдері мақұлданды. Одан кейін «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша Өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылып, оң шешім шықты. Соның арқасында осы несиенің 70 пайызын «Даму» Қоры арқылы субсидиялауға қол жеткізді. Қалған 7 пайызын компания төлейді. Жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтер 1 ш.м. үшін 180,0 мың теңгеден аспайды. Баспананың 50 пайызы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы сатылады. Әрине жұмыс басталған соң құрылыс материалдарына деген қажеттілік туындайтыны рас. Оған отандық өнімдер пайдаланылатын болады. Әсіресе индустриалды аймақтарда орналасқан құрылыс материалдарын шығаратын зауыттардың дәурені жүргелі ақ тұр. Одан бөлек аталмыш компанияның өзі де құрылыс материалдарын өндіреді. «Отау-Строй» ЖШС 2004 жылы құрылған. Компанияның негізгі қызметі тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды, тұрғын үй кешендерін, әкімшілік ғимараттарды, әлеуметтік нысандарды, коттедж қалаларын салу, сондай-ақ жылжымайтын мүлік объектілерін күрделі жөндеу және реконструкциялау, темір-бетон және болат конструкцияларын өндіру, құм, қиыршықтас өндіру. Бүгінгі таңда бұл салада көшбасшылар қатарында. Компания бірқатар ғимараттар құрылысын аяқтап, пайдалануға берген. Интерьерді безендіру бойынша да жұмыстар жүргізді. 14 жыл ішінде 100-ге жуық әлеуметтік-экономикалық мақсаттағы нысандар салды.