Түркістан облысына қарасты Созақ ауданындағы металл бөшке шығаратын «UKO-S Star» металл құрастыру зауыты» ЖШС – аудандағы индустриалды аймақта іс бастаған алғашқы кәсіпорындардың бірі. Жобаны 2012-2018 жылдар аралығындағы бес кезеңде жүзеге асыру жоспарланған. 2012 жылдың күзінде кешеннің бірінші нысанының құрылысы аяқталып, сынақ негізінде уақытша іске қосылады. Алғашқыда 10 адам жұмысқа қабылданған өндірісте, күніне 100 бөшке шығарылған. «UKO-S Star» болат бөшке шығаратын кәсіпорынды алғашқыда Шымкент қаласынан ашпақ болған. Созақ ауданындағы индустриалды аймақта өндірісті ашуға өтініш білдіріп, жоба Өңірлік Үйлестіру Кеңесінде мақұлданды. Нәтижесінде аймақтан 3 га жер алуға рұқсат берілді. Қытайға барып бірнеше зауыттарды аралап көріп, болат бөшке шығаратын жүйені жасайтын бір компаниямен келісім жасасқан. Олардың инженерлері келіп, құрал-жабдықтарды орнатып, іске қосты. «UKO-S Star»-ға бизнес-жобаны іске асыру үшін 30 млн. теңге қажет болған. «Даму» қоры сол несиенің 50%-на кепіл болып, компания қажетті қаржыға қол жеткізді. Мемлекеттік қолдау арқасындағы несиеге кәсіпорында алты айға жететін шикізат алынды. Бөшке жасайтын болат Теміртаудан («АрселорМиттал Темиртау» АҚ) алынады. Бүгінде зауыт уран концентратын тасымалдауға арналған бөшкелер шығарады. Ол «Табиғи уранның концентратын тасымалдауға арналған ТУК-44/8 көліктік бумалау жиынтығы» деп аталады. 2013 жылдан бастап зауыттың өнімдеріне «АППАҚ» ЖШС, «Қаратау» ЖШС және «Бетпақдала» БК» ЖШС-дан тапсырыс түсе бастаған. Биыл олардың қатарына «КАТКО» БК» ЖШС қосылды. Болат бөшкеге тапсырыс беріп отырған бұл компаниялардың барлығы «Казатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға қарайды.