Ел үкіметі тағы бір жаңа индустриялық бастамасын жария етпек. Оның шет-жағасын да Жеңіс Қасымбек аша кетті. «Биылғы жылы «үлгілі-моделді цифрлық фабрикалар» құру жобасы жүзеге асырыла бастайды. Ол үшін өңдеу өнеркәсібіндегі 7 кәсіпорын таңдап алынды. Олар енді барша қазақстандықтар, соның ішінде бизнес пен кәсіпорындар үшін цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін паш ететін демонстрациялық алаңдарға айналады. Осы мамыр айынан бастап, іріктеп алынған кәсіпорындарға технологиялық диагностика жүргізіп шығу жоспарлануда. Индустриалды аймақтардағы кәсіпорындардың үлесі қомақты. Сондай-ақ осы кезеңде оларға цифрлық технологияларды ендіру бойынша жеке-жеке жол карталары әзірленеді», – дейді инвестициялар және даму министрі. Abctv порталы анықтағанындай, «цифрлық 7 фабрика» қатарына өнеркәсіптің әр саласынан «Евразиан фудс» АҚ-ы, Түркістан облысындағы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ы, «Химфарм» АҚ-ы, «ҚазХром» АҚ-ы, «Карлскрона» ЖШС-ы, «Алматы желдеткіштер зауыты» ЖШС, «Бал Текстиль» ЖШС іріктеліп алынып отыр. Жалпы алғанда, 2018 жылы жүзеге асырылған шаралар Қазақстанның шетелге сататын өңделген экспорты көлемінің биыл, 2017 жылғыға қарағанда, тағы 10,3%-ға өсуін, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің 6%-ға артуын қамтамасыз етуге тиіс көрінеді. Ал өңдеу өнеркәсібіне құйылған инвестициялар ауқымы 1 триллион теңгеге жетеді деп болжануда.
Б. Көмекбайұлы