Құрылыс материалдарын шығару секторында 3,7%-дық өсім бар. Бір жақсысы, бұл оң серпін биыл да жалғасын табатынға ұқсайды. Атап айтқанда, 2018 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс көлемі тағы 5,3%-ға артты. Соның ішінде өсім бойынша көшбасшылық орынға 14,3%-дық көрсеткішімен химия саласы шықты. Бұл өнеркәсіптің өркен жайып жатқанын қарапайым халық та сезінген болар. Басқаны айтпағанда, қазір Қазақстан кір жуатын ұнтақ, ыдыс жууға, құбырларды тазалауға арналған сұйықтықтарды және басқаларын, яғни тұрмыстық химияның түр-түрін өзінде өндіре бастады. Екінші тұғырға қарқыны көңіл қуантқан фармацевтика көтерілді: өндірісі жыл басынан бері тағы 10,2%-ға артып, өткен жылғы көрсеткішінің көзбояу еместігін бір дәлелдеді. Тау-кен өндіру өнеркәсібі (+5,1%) де, өңдеу өнеркәсібі (+6,2%) де, түсті металлургия (+3,9%) да, қара металлургия (+7,7%) да, машинажасау саласы (+9%) да өсуге деген ұмтылысын жалғастыруда. Айтқандай, индустрияландыру бағдарламасының түпкі бір нысанасы «еңбек өнімділігін арттыру» болатын. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі осы көрсеткіш былтыр 10,3%-ға жоғарылады. Басқаша айтқанда, елімізде осы өнеркәсіпте әр жұмысшы ай сайын 22,3 мың доллардың өнімін береді. Еліміздің жаһандық қара базарда өткізген өңделген өнімдерінің экспорты 2017 жылы 21%-ға ұлғайыпты. Жалпы алғанда, былтыр бұдан 15,6 миллиард доллар табыс келген. Өткен жыл қорытындысында өңдеу өнеркәсібінде негізі капиталға 981,6 млрд теңге инвестиция құйылған. Бұл алдыңғы жылғыдан 4,7%-ға көп. Түркістан облысында да өңдеу өнеркәсібінде толағай табыс бар.
Б. Көмекбайұлы