Жыл сайын бағдарлама аясында жаңа өндірістер құрылуда. 2017 жылы индустрияландыру картасы аясында 120 зауыт-кәсіпорын қолданысқа берілген. Олардың құрылысына және жабдықталуына бизнесмендер 1,5 триллион теңге қаржы салыпты. Нәтижесінде, шамамен он мыңдай адам жұмыс тапқан. Оның ішінде Түркістан облысында да индустриаландыру тарапта толағай табыстар басым. Ал биылғы жылы тағы 123 индустриялық нысанды іске қосу жоспарлануда. Оларға инвесторлар 849,5 миллиард теңге инвестиция жұмсапты. Енді индустрияландыру саясаты жаңаша құрылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ол әлемдегі жаңа технологиялық революцияға бейімделмек. «Сондықтан біз үшін «Индустрия 4.0.» элементтеріне сай технологиялық өрлеудің сапалы жаңа деңгейіне көшу – өнеркәсіптік дамудың келесі кезеңі болады. Өткен жылы біз Германия, Швеция, Финляндиядағы серіктестерімізбен бірге, отандық өнеркәсіп салаларының «Индустрия 4.0.» элементтерін ендіруге қаншалықты дайындығын анықтау үшін диагностика жүргізіп шықтық. Талдау көрсеткендей, тұтастай алғанда, өңдеу өнеркәсібінде және тау-кен секторында цифрлы технологияларды ендіру тұрғысынан елеулі әлеует-ұстын бар екен. Алайда отандық кәсіпорындардың автоматтандырылу деңгейі төмен, оларға цифрлық технологиялардың ену дәрежесі аса жоғары емес», – дейді инвестициялар және даму министрі. Елімізде барлық кен орындарының тек 21%-ы ғана өндірісті басқаруға арналған жақсы бағдарламалық қамтылыммен, заманауи сымсыз коммуникациялық байланыспен, «Индустрия 3.0.» деңгейіне сәйкес құрал-жабдықтармен қаматамасыз етілгендігі мәлім болды. «Индустрия 4.0.» элементтерін ендіру жүйеқұраушы және ірі корпорациялар мен кәсіпорындардың өзінде жаңа ғана бастау алуда. Бұл жайт тек күрсіністен және көңілтолмастықтан басқа сезім тудырмайды.
Б. Көмекбайұлы