Оңтүстік Қазақстанда егістік алқаптарын ору науқаны басталды. Жалпы облыста 196 мың гектар масақты дақылдары егілген болса, оның 146 мың га бидай астығы. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда, 6 мың га артып, 785 мың га құрады. Биыл алғашқы болып астық ору науқанын Қазығұрт ауданының диқандары бастаса, келесі орақты Ордабасы ауданы жалғастырып отыр. Таулы өңірде жалпы 34 мың гектарға жуық жерге бидай егілген. Ерте көктемде жауын-шашынның көптігінен егін де бітік шыққан. Яғни жалпы өнім көлемі 80 мың тоннадан асады деп болжанып отыр.Ал, Ордабасыда осы жылы егістік жердің көлемі 55 мың гектардан астам болса, бидай дақылы 14 мың гектарға жетіп отыр. Аудандағы егін ору науқаны жұмыстарымен танысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ.Оспанбеков бидайдан 236 мың тонна өнім жинау жоспарланып отырғандығын айтты. Басқарма басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс құрылымын әртараптандырудың нәтижесінде соңғы жылдары дәнді дақылдар 46 мың га, мал азықтық дақылдардың көлемі 62 мың га, көкөніс, бақша 6 мың га артып, тиісінше мақтаның көлемі 40 мың га, майлы дақылдардың көлемі 30 мың га кеміп отыр. Егін орағы науқанымен қатар, мал азығын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге межеленген үш мың тоннадан астамның 2073 мың тоннасы дайындалды. Биылғы жылы күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін бөлінген жанар-жағар май көлемі өткен жылмен салыстырғанда, 5 мың тоннаға артқан.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі