Шөліңді қандырып, сарайыңды ашатын шәйді сүйетін халық кофеге де кетәрі емес. Әлемде ең танымал сусындардың бірі кофе – Қазақстанда өспейтіні белгілі. Алайда оңтүстік өңірде жылдам еритін, қант пен құрғақ сүті араласқан кофе жасайтын кәсіпорын ашылды. Тынымсыз тіршілік, үнемі асығып, уақыт үнемдегісі келіп жүретін жұрт тез еритін кофенің сұранысын арттырып отырады.13 жыл түріктің кофе мен шай өндірісі фирмасында жұмыс істеп, тәжірібе жинаған Олимжан Убайдуллаев өз ісін бастауға бел буады. Өзі істеген кәсіпорынның өнімдеріне ұқсас кофе шығару мақсатында «Даму» қорының Түркістан облысындағы Кәсіпкерлікті қолдау орталығының көмегіне жүгінді, деп хабарлайды damu.kz. Жұртшылық 3 те 1 аталып кеткен кофе құрамы тек 3 компоненттен тұрады деп ойлайтыны рас. Яғни кішкене қалташада кофе, қант және құрғақ сүт болады. Алайда бұл үшеуінен бөлек кофеге тағы 5-7 компонент қосылады. Соның арқасында кофе бәрімізге белгілі керемет дәм-татымға ие. Сондықтан, кәсіпкер шикізат таңдауға мұқият көңіл бөлді. Көптеген кофе экспорттаушы елдердің арасында таңдауы Индонезияның шикізатына түсті. Себебі бұл ел өнімдерінің Халал сертификаты бар. Кәсіпкер «Ордабасы» индустриалды аймағынан орын жалға алып, түріктің қаптама техникасын сатып алып, қызметкерлер жинап, өндірісін бастап кетті. Бұл кәсіпорында 1 айда 5 тонна өнім немесе 200 мың дана үш те бір кофе өндіріледі. Тауар Шымкент, Алматы, Қызылорда және Тараз қалаларында өткізіледі. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Еңбек» бағдарламасы аясында 6%-дық жеңілдетілген несие туралы ақпарат алып, осы бағдарлама аясында өндіріс көлемін ұлғайтуға шешім қабылдады. Осылайша, 2018 жылдың сәуірінде айналым қаражатын толықтыру үшін 18,0 млн теңге несиені «Сбербанк России» АҚ ЕБ мақұлдады. Несие қаражатын алғаннан кейін компания шикізатты сатып алып, өнім көлемін 2 есе ұлғайтты. Қазіргі таңда айына 10,0 мың тонна кофе қалташасы өндіріледі. Алғашқы партия Қарағанды қаласына жөнелтілді. Кәсіпкер өнім көлемін ұлғайту, клиенттер санын кеңейту, сондай-ақ шай өндіруге арналған жаңа өндіріс түрін іске қосуды жоспарлап отыр.