Перейти к содержимому
Бүгінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, тек қана облысты қамтып қана қоймай, сыртқа экспорттап отырған шаруашылықтар қатары артып келеді. Биыл облыстың ауыл шаруашылығы еңбек өнімділігін арттыру мен экспортты ұлғайту бағытында дамитын болады. Яғни, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 15 мың га ұлғайтылып, жалпы егіс көлемі 833 мың га жеткізіледі. Ал интенсивті баулар 800 га, жүзім 736 га, таңқурай 300 га, жаңғақ шаруашылығы қосымша 1000 га жерге ұлғайтылады. Бұдан бөлек, жылыжайлар 200 га, тамшылатып суғару әдісі 7 200 гектарға енгізілетін болады. Биыл шаруа қожалықтарды кооперативке біріктіру жұмыстары жалғасуда. Ал құрылатын кооперативтерде 2 700 тонна ет, 34 200 тонна сүт, 6 мың тонна жеміс, 5 мың тонна көкөніс дайындау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, облыста жаңадан 3 173 шағын мал бордақылау алаңы, 731 жанұялық сүт фермасы, 15 шағын құс фермасы, 7 балық шаруашылығы ашылады деп күтілуде. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 595,3 млрд. теңгеге, өсім 3,9 пайызға жететін болады. Бұдан бөлек облыста «Сүт кластерін» және кооперативтерді дамытуға ықпал ететін модульді бекеттер жасалып, оларды кәсіпкерлерге қосымша кепілсіз және алдын-ала төлемсіз лизингке беретін бағдарлама жасалынған. Сонымен бірге ауыл-аймақтардағы тұрғындарды жаппай кәсіпкерлікке тартып, отбасылық бизнесті дамыту үшін сүт өнімдерін шығаратын, жеміс-жидектерді кептіретін, мал союға арналған модульді бекеттер орналастыру жоспарлануда.