Бүгінде Түркістан облысында кәсіп қазанын қайнатып, тірлігін жайнатып отырған ірі өндіріс орындары жетерлік. Оларды өндірген өнімдері тек елімізде ғана емес шетелдерге де танымал. Жүздеген азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп салаларында өнім өндіріп жүргендер көп. Түркістан облысы нан 200 -ден астам өндірушілер ірі кәсіпорын саналады. Бахыт Айманбетова, «ЭкоBaipak” серіктестігінің өкілі: «Жасап жатқан өнімдеріміз таза табиғи өнім. Киізден етік жасаймыз. Кір сабын сексеуілдің күлінен, сүйек қайнатып, май қосып жасаймыз. Түрлі ауруға ем. Шуаштың иісін кетіруге септессе, қотырды емдеп жазады». Бүгінгі көрмеге «ҚазИталКожа» ЖШС-нің өкілі Азамат та таза былғарыдан жасалған өнімдерін ала келіпті. Арманы – келешекте сапасыз қытай тауарларын нарықтан ысырып, сапалы отандық өнімдерді алға шығару. Сол үшін де бүгінде терін тамшылатып еңбектеніп жүр. Түрлі бұйымдарға қолданатыны тек отандық шикізат. Малдың терісін шағын цехта өздері илеп, өңдеп шығарады. Азамат Досаев, бас менеджер: «Мұндай көрмеге бірінші рет қатысып отырмыз. Таңдау өте үлкен. Сөмке, белбеу, әмиян жасап шығарамыз. Таза теріден тігілген. Отандық шикізатты пайдаланамыз». Бүгінде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде ашылған кәсіпорындар істерін ілгерілетіп отыр. Олардың басты мақсаты —халықаралық және экологиялық стандарт талаптарына сай келетін өнімдер шығару. Жуырда ғана «Ордабасы құс» ЖШС-гі мен «Karlskrona LC AB» ЖШС-і өнім және кызмет көрсету саласындағы жетістігі үшін ТМД сыйлығы алған болатын.