Түркістан облысы еліміздің экономикасына қан жүгіртіп отырған іргелі өңірдің бірі. Мамандардың айтуынша, тағы бір әкімшілік аймақтың пайда болуымен жаңа жұмыс орындары ашылады, деп хабарлайды 24.кz. Ал бұл өз кезегінде адам капиталын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді дейді сарапшылар. Айжан Мұқышбаева, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы: — Халық тығыз қоныстанған жердегі адам капиталын максималды, оңтайлы түрде пайдалануға көмектеседі. Құрылыс саласы дамығаннан кейін, инфрақұрылым дамығаннан кейін халықты жұмыспен қамтамасыз етуге жол ашылады және кәсіпкерлік дамитын болады. Серік Бейсенбаев, әлеуметтанушы: — Жалақының орта деңгейі төменірек. Сәйкесінше бұл шешімнен кейін Түркістан облысының дамуына инвестиция түсетін болады. Соған сәйкес жұмыс орындары ашылады. Және белгілі бір деңгейде халықтың әлеуметтік көңіл-күйі жақсарады деп ойлаймын. Түркістан облысында 2 миллионға жуық тұрғын бар. Инвестициядан бөлек, индустриалды-инновациялық дамуға да серпін берері сөзсіз. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында жаңадан ірі кәсіпорындар ашылып, облыстың қарыштап дамуына үлес қосатын болады. Енді Түркістанның өзінде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан индустриалды аймақтың бойына бұрынғыдан да қан жүгіріп, қайта түлейтін болады.