Түркістан облысында экономикалық өсім жағынан да, ауылшаруашылығындағы табыстылығы жөнінен де Сайрам ауданы көштің басында келеді. Аудан орталықтары ішінде мегаполиске ең жақын орналасқан ауданның бірі. Орталығы – Ақускент. 11 ауыл округі бар. Халқының саны 207 мыңнан асып жығылады. Аудан ауылшаруашылығына бейімделген. Тұрғындарының дені осы салаға бет бұрып, ауданның дамуына өз үлестерін қосып келеді, деп хабарлайды 24.кз. «Еңбек бәрін жеңбек» деген қанатты сөзді ұран еткен аудан тұрғындары бүгінде ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді де мықтап қолға алған. Мәселен, аудан көлемінде ағымдағы жылдың 5 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 17 миллиард 234 млн.теңгені құраған. Бұл 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 27,8 пайызға артық. Яғни, өсім бар. Оның ішіндегі өңдеу өнеркәсібі саласында 14 миллиард 900 миллион теңгенің өнімі өндірілген, өсім 32,5 пайызды құраған. Өңдеу өнеркәсібінің 49 пайызын қайта өңдеу кәсіпорындары құрайды. Қайта өңдеу саласының кәсіпорындары ағымдағы жылдың 5 айында 7,0 миллиард теңгенің өнімін өндірген, өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,1 пайызға өскен. Жалпы, ауданда қайта өңдеу саласында 40 шақты кәсіпорын өнім өндірумен айналысады. Сонымен қатар 35 шақты диірмендер мен көкөніс консервілейтін цехтар, 35 шақты диірмендер мен көкөніс консервілейтін цехтар өнім өндіреді. Қол жеткен жетістіктің бәрінде индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының да қосқан қомақты үлесі бар.