Алдағы 5 жылда Түркістан облысының Төлеби ауданы электр қуатымен толық қамтылады деп хабарлайды 24.кз. Қазір ауданда осы мақсатта жеті ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, Сайрамсу мен Қасқасу өзенінің бойында алты шағын су электр станциясы бой көтереді. Алдағы қыркүйек айында қуаттылығы 5 МВт, құны 1,5 млрд теңге болатын алғашқы су электр стансаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Оның инфрақұрылымына мемлекет тарапынан 280 млн теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар биыл аудан орталығы Ленгер қаласында қуаттылығы 10 МВт болатын күн электр стансасының құрылысы басталады. Сонда барлығы 7 электр стансасы сағатына 25 МВт электр қуатын өндіріп, ауданды электр энергиясына деген тәуелділіктен арылтатын болады. Мұхтар Өсербаев, Төлеби аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: “Соңғы 5 жылда ауданда өнеркәсіп өнімі 4 есеге өсті. Биыл 30 млрд теңгеге жуық өнім өндірілді. Бұлар – энергияны көп талап ететін салалар. Жалпы біздің тау өзендерінен 25 МВт энергия алуға мүмкіндік бар. 25 МВт біздің ауданды электр энергиясына деген мұқтаждықтан толық арылтады”.