Түркістан облысы Түлкібас ауданының диқандары бау шаруашылығын дамытуға ден қойып отыр, деп хабарлайды kaztrk.kz. Жергілікті еңбек ұжымдарының осы және басқа да өзекті мәселелерін Мәжіліс депутаттары тыңдады. «Көктал» шаруа қожалығы 2004 жылы құрылған. Содан бері жергілікті 30 азамат тұрақты түрде жұмыс істейді. Маусымдық жұмыс кезінде еңбеккерлер саны 220-ға дейін жетеді. Бүгінде бұл қожалық қарқынды бау егуге бел шеше кіріскен. Жадыра Жақып, «Көктал» шаруа қожалығының іс басқарушысы: «2015 жылдан бері алма бауын еккенімізге 3-ші жыл. Жалпы көлемі 260 гектар алмамыз бар. Барлығы суармалы. Биыл 30-40 пайыз алма аламыз деп отырмыз». Биылдан бастап қарқынды бау егуге берілетін субсидия тоқтаған. Бұл бау шаруашылығымен белсене кіріскен диқандарға аз да болса, кедергі. Өйткені, өнімнің өзіндік құны мен нарықтағы бағасының қымбат болуына тікелей әсер етеді. Фахриддин Қаратаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Бұл мәселе келешекте шешіледі. Бауға субсидия беру азайғанымен, аудан басшылығы қарқынды бау көлемін азайтпаймыз», — дейді. Түлкібастықтар осы орайда жаңғақ өсіруге де ден қойған. Нұрбол Тұрашбеков, Түлкібас ауданының әкімі: «Түлкібас ауданында алманы, жаңғақты дамытуға біршама жұмыстар атқарылуда. 3077 гектар ескі және жаңа бауымыз бар. «Алынған өнімді қоймаларда сақтай алсақ, қысқы мерзімде тиімді бағамен сатуға мүмкіндігіміз бар», — дейді жергілікті билік. Бұған дейін 12 мың тонналық 4 қойма болса, биыл тағы да 1700 тонна жеміс сақтау кешені іске қосылмақ.