Түркістан облысы Отырар ауданының диқандары қауын-қарбызды көрші мемлекеттерге экспорттап жатыр, деп хабарлайды 24.kz. Мәселен, бір ғана шаруашылық жиын-терін басталған бір аптаның ішінде 300 тонна өнімді Ресей мен Қырғызстанға жөнелткен. Жер емген диқандар биыл 210 гектарға қауын, 50 гектарға қарбыз еккен. «Дәмі тіл үйіретіндіктен қауынның Мырзашөл, Жиенбет түрлеріне сұраныс жоғары», – дейді. Тіпті сатып алушылар егіс алқабының басына өздері келіп, тиеп әкетуде. Қазір мұнда жүзге жуық адам күн-түн демей қауын жинап жатыр. Диқандар болашақта қауын-қарбызды егіп қана қоймай, терең өңдеу өнеркәсібімен айналысуды көздеп отыр. Ғани Рыскелді, кәсіпкер: — Келешекте біз тамшылатып суару әдісімен де жаңа технологияларды қолдануды мақсат етіп отырмыз. Мысалы, техникамыздың бәрін лизинг арқылы алып отырмыз. Үкімет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Сумен жақсы қамтып жатыр. Субсидия арқылы жанармай алып отырмыз. Қауын-қарбызға сұраныс жылдан-жылға артып отыр. Келер жылдың еншісінде қауын алқабының көлемін арттыруды көздеп отыр.