“Қаратаудың тәжі» атанған кенді қала Кентау күннен күнге көркейіп келеді. Экономикалық өсім де, кәсіпкерлік даму да бар. Түркістанның облыс орталығы болуы да оң ықпалын тигізбек. 12 ауылдық округ Кентаудың қарамағына өтті. Енді қаланың дамуына оң серпін берері сөзсіз. 4-5 жылдың ішінде қалаға 5,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Соның арқасында инфрақұрылымдар жаңартылып, кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндіктер туғызды. Аталған миллиардтаған соманың 740 миллион теңгесі 2014-2015 жылдары несие ретінде берілді. Соның арқасында кентаулықтар кәсіпкерлердің қатары артты. Алдымен – 290 миллион теңге, кейінгі жылы – 450 миллион теңге кәсіпкерлерге несие ретінде таратылды. Үстемеақысы аз ғана пайызбан, яғни, -6,5 пайызбен берілген болатын. Соның арқасында 261 кәсіпкер жаңа кәсібін ашып, нәпақасын арттыруға кірісті. Кәсіпкерлікті дамытуға субсидиялаудың да септігі тиді. Субсидиялау бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің банктен алынған 100 миллион теңгеден астам несиесін мемлекет тарапынан субсидияланды. Мұның көп көмегі тиді. Тек қаланың ғана, одан қалса облыстың ғана емес, еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі Кентау трансформатор зауытына аталған субсидиялаудың көп пайдасы тиді. Нәтижесінде 1300-дей адамды жұмыспен қамтып отырған алып зауыттың еңбек өнімділігі артып, өнім өндіруді де еселей түсті.