«Адал еңбек-мақсатқа жеткізеді. Еңбек — бәрін де жеңеді. Жақсы өмір сүргің келсе, адал еңбек еткен жөн. Қазір еңбек етемін деген адамға барлық жағдай бар, енді тек жемісті жұмыс істеп, жоғары жетістіктерге жетуіміз керек» — дейді жастармен кездесіп, талмай еңбек етуге шақырған ІІІ дәрежелі «Еңбек Дaңқы» орденінің иегері Сергей Зубков. Кентау трансформатор зауытында өткен кездесуге Кентау политехникалық колледжінің студенттері қатысты. Сергей Анатольевич бүгінгі күні Кентау трансформатор зауытының трансформатор корпусының құрылымын құрастыруы цехының басшысы болып еңбек етеді. «Кез-келген жұмысқа немқұрайлылықпен қарау табиғатыма жат дүние, — деп білетін білікті маман, — Бізде жұмыс барысында ақау жіберуге болмайды. Себебі, біз үшін ең басты талап – сапа», — дейді. Жастар жас маманға еңбек жолында жетістікке жету бағыты бойынша сұрақтар қойып, кең көлемде жауаптар алды. Сергей өзі таңдаған мамандықтың бүге-шегесіне дейін меңгерген бесаспап маман ретінде ұжым ішінде үлкен абыройға ие болу жолдарын түсіндірді. Бүгінгі таңда шетелге өнім экспорттап отырған трансформатор зауытының даму жолдарын жіліктеп айтып берді. Алдағы уақытта да болашағы жарқын зауытта жұмыс істеуге шақырды. Қолына бірден портфель ұстап заңгер, экономист болғысы келетін жастардың кәсіптік білімге деген қызығушылығын арттыру керек деген ұстанымын да жеткізді