Үкіметтің кеңейтілген отырысында АИ-92 маркалы бензиннің бағасын мемлекеттің тарапынан реттеуді тоқтату туралы шешім қабылданғаны белгілі. Жанармай бағасына бақылау тоқтатылғанымен, нарықта бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау үшін оны мониторингілеу жалғасатын болады. Осы сәтті тиімді пайданаланып, қалтасын қалыңдатып қалуды ойлағандардың барлығы жазаға тартылаты болады. Осылайша, Үкімет тапшылықты және отын бағасының негізсіз өсуін болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қарастыруда. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында жанар-жағармай құю бекеттерінде сұранысқа ие АИ-92 маркалы жанармай 125 теңгеден сатылып жатыр. Жанармай бағасы көтерілген тұста 128 теңгеге бағаланған баға бүгінде 125теңгеге тұрақтады. Бекеттерде ұзын-сонар кезек жоққа тән.
Қайыпбек Қамбаров, Облыстық жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы:
— Өңірге қажетті сұйық отынға деген сұраныстың 30 пайыздан астамы бүгінде көрші Ресейден тасымалдануда. Облыс аумағында жалпы 600-ге жуық жанар—жағармай бекеті жұмыс істейді. Оларға айына орта есеппен 55 мың тоннаға жуық өнім қажет. Қазір жанармай толық жеткілікті. Жалпы өңірде бағаны бақылау мақсатында арнайы штаб құрылды. Аудандарда мобильді топтар жұмыс істеп жатыр.
Бағаның аспандап кетуіне жол бермеу мақсатында қаладағы 120 жанар-жағармай бекетінің басшылығымен жанармай бағасын өсірмеу жөнінде келісім жасалған. Егер талап орындалмаған жағдайда жазаның қатаң болатынын олар да жақсы біледі. Бүгінгі таңда жанармай тапшылығы жоқ деп айтуға толық негіз бар.