Түркістан облысының Шардара ауданында мал бордақылау алаңдарының қатары 160-тан асты. Биыл аудан шаруалары 6200 тонна ет өндіруді жоспарлап отыр. Бүгінге дейін оның 3 жарым мың тоннасы өндірілген. Ауданда жылына 500 бас ірі қара мал бордақылайтын шаруашылықтар да бар. Шардара ауданы Алатау батыр ауылындағы шаруашылық жылына 500 бас қара мал бордақылайды. Жергілікті кәсіпкер 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып, 50 басқа лайықталған бордақылау алаңын ашқан. Содан бері мал басын көбейтіп, қора-жайын кеңейтіп, шаруасын дөңгелетіп отыр. «Мұндағы ірі қараның барлығы Әулие көл тұқымы. Еті тығыз, салмағы ауыр болады», – дейді шаруалар. Ержан Қарабаев, шаруа қожалығының басшысы: — Өткен жылы келісі 285 теңгеден 300 бас қара мал өткіздік. Қазір бір жылға келетін болсақ, 500 бас бордақылап жатырмыз, жылқысымен қосқанда. Қорамызды тағы да үлкейтіп жатырмыз. Сайрам ауданындағы цехтарға өткіземіз, содан әрі кетеді. Шардара ауданында жайылымдық жер көп емес. Сондықтан мұнда мал басын көбейткеннен гөрі асылдандырып, бордақылаған тиімді. Қазірдің өзінде ауданда 160-тан аса шағын мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Талғат Әлімқұлов, Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: — Биыл аудан бойынша 163 шағын мал бордақылау алаңын ашу жоспарланса, бүгінгі күні 164 бірлік мал бордақылау алаңы ашылды. Биыл 6200 тонна ет өндіру жоспарланып, бүгінгі күні 3324 тонна ет өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда 100,2 пайызды құрап отыр. Бүгінгі күні шардаралық шаруалар 41 мыңнан аса ірі қара, 8200 жылқы, 200 мыңнан аса ұсақ мал, 2500 түйе және 40 мыңнан аса құс бағып отыр. Сондай-ақ аудандағы 164 шаруашылықта 2 мыңнан аса ірі қара бордақыланып жатыр. Қазір шаруалардың алындағы басты талап – ет экспортын ұлғайту.
24.kz