Арыста көппәтерлі тұрғын үй қалашығы тұрғызылуда. Бүгінде «Көктем-2» шағынауданында біршама нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілуге дайын. Сондай-ақ, тағы көпқабатты үйлердің жобасы әзірленіп, бірнеше баспана салынып жатыр, деп хабарлайды otyrar.kz.
Арыс қаласында «Көктем 1» және «Көктем 2» атты жаңа шағынаудандар пайда болды. Бүгінде «Көктем -1» жаңа тұрғын алабында көпқабатты үйлердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Әрбір нысанның сметалық құны 287 млн.-ға дейін жетеді. Мердігер компания мамандары 35 пәтерден тұратын үйлердің жұмысын мерзімінен бұрын аяқтаймыз деп отыр. Ал негізі жобаның ұзақтығы 9 айға жоспарланаған.
Талғат Бейсенов, «Жедел құрылыс» ЖШС-нің директоры: “Бұл тұрғын үй құрылысына биылғы келісімшарт бойынша 87 млн. 500 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Нысан келесі жылға өтпелі. Біз берілген мерзімнен 30-35 күн алда келе жатырмыз. Егер қаржы мәселесі қаралатын жағдайда биыл бітіріп, келесі көктемде әрлеу жұмыстарын бітіріп тапсыруға болады. Жалпы биыл ғимараттың шатыры жабылып, есік терезесі қойылып, қыста ішкі құрылысты бастау ойымызда бар».
Қазір 3 бірдей тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қала халқына жақын арада үлестірелетін болады. Шаһар басшысының айтуынша, жаңа пәтерлер баспана кезегінде тұрғандарға беріледі. Бүгінде олардың саны 1400-ге жуықтаған.
Қадырбек Мұрат, Арыс қаласының әкімі: “Бұдан басқа, 5 қабатты 5 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әрқайсысында 60 пәтерден болады. Оның бәрін есептегенде 500-600 үйлерді отбасыларға тапсырамыз. Биыл және келесі жылы кезекте тұрған тұрғындардың жартысын тұрғын үймен қаматамасыз ететін боламыз. Бірақ халық санының қарқынына байланысты кезек саны әрі қарай жалғаса бермек. Осы шағынауданда тағы алдағы уақытта 15 шақты тұрғын үйлер салынады. Оған барлық инфраструктура бар. Су, жол, орталықтандырылған жылу көзі бар».
Жаңа шағынаудан тұрғындарының демалыс уақытын тиімді өткізуі де ескерілген. Айталық, мұнда жаңа спорттық алаңшалар да салыныпты. Ал педагогтардың өз жоспарлары бар. Олар мұнда ойын алаңдарынан басқа, балаларға арналған көптеген іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
Айта өтейік, жаңа шағынауданда атқарылатын жұмыс ауқымды. Тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында мұнда жаңа мектеп пен бала-бақша құрылысын бастау қолға алынған. Бүгінде оған қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Айя Мүтәлі