Түркістан қаласындағы индустриалды аймақтағы өндіріс орындары «Түркістан трасса», «Азрет-Жол құрылыс», «Гранд микс», «Строй Сервис ХХІ» «Кордиал-Түркістан» «Кадирис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бүгінде қаладағы ғана емес облыстағы іргелі кәсіпорындардың қатарынан саналады. Аталмыш кәсіпорындар аймақтың тауар мұқтаждығын толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы. Жол құрылысына қажетті өнім өндіретін кәсіпорындардың бүгінде жұмысы қызу. Сондай-ақ жол салуда да тәжірибесі мол құрылыс компаниялары баршылық. Ірі өндіріс орындары мемлекет тарапынан берілетін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып табысты жұмыс жасап келеді. Өңірдегі өндіріс ошақтарын өркендету аймақтың дамуына, халықтың әлеуметтік әлеуетінің көтерілуіне үлкен ықпал етері сөзсіз. Ең бастысы жұмыссыздықты жоюға айрықша үлесі мол екендігі тағы бар. Бұл жағынан алғанда түркістандық кәсіпорындар қамшы салдырмайды. Осы бағытта Елбасының биылғы Жолдауындағы «Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет» деген нақты міндеттерін бірлесіп жүзеге асыруға асық. Бүгінде 14 жоба табысты жұмыс істеп жатқан 40 гектар жерді алып жатқан Түркістан индустриалды аймағында өндіріс орындарының қатарын көбейтіп, кәсіпкерлік пен бизнесті дамыту бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.