Түркістан облысына қарасты Созақ ауданында кәсіпкерлік субьектілері жыл жылжыған сайын көбейіп келеді. Кәсіпкерлік саласында бағын сынап көрмекті құп көргендердің қатары артқаны қуантады. Ауданда кәсіпкерлер де, шаруа қожалықтары да көп. Олардың өндірген өнім көлемі аудан қазынасын қомақтыландыруға септесуде. Ағымдағы жылдың өткен 7 айында 331 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 324-ға жетті. 8 млрд. 299,5 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 2017 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 102,4 пайызға өсті. Қызмет көрсету саласында да қсім бар. Өнім өндіру бойынша да алдыңғы лектен табылатындар жеткілікті. Жобаларды қаржыландыру бойынша «Ырыс» микро қаржы ұйымы арқылы 15 жобаға жалпы сомасы 37,5 млн. теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Түркістан облысы бойынша филиалы арқылы 21 жобаға 83,3 млн. теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» Акционерлік қоғамы Түркістан облысы бойынша бойынша филиалы арқылы жалпы сомасы 23 жобаға 125,0 млн. теңге, барлығы 245,8 теңге несие берілді. Кәсіпкерлік қызметке баулу, микрокредит алуға қол жетімділікті арттыру мақсатында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 1-2 кезеңде 109 адам оқытылып, сертификаттарын қорғады.