Түркістан облысы Мақтарал және Жетісай аудандарында 252 шақырымдық су жүйесі қайта тазартылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Екі аудандағы 3 бірдей каналдың 38 шақырымы жөнделіп, арнасы бетондалды. Биыл су мол болғандықтан, шаруалар екі рет егін салып, мол өнім жинады. Мына көсегі шайқалып, мақтасы жайқалып тұрған алқаптың өнімі жинауға дайын тұр. Жем емген диқандардың да көңілі көтеріңкі. Себебі биыл су мол, мақта бітік шықты. 10 гектар жерге шит сепкен Фазылбек Жарқынбек жылдағыдай емес, су жеткілікті болғандықтан, мақта жылдам әрі жақсы жетілді дейді. Фазылбек Жарқынбек, шаруа: – Мақта 2-3 мәрте су ішеді. Суды уақытылы жеткізгеннің арқасында биыл 2-3 есе жақсы өнім алайын деп отырмыз. Мемлекеттен қаржы бөлінді. Мемлекет басшысы биыл мақталы алқаптың диқандары судан тарықпас үшін Тәжістан президентімен келісіп, осы өңірге қосымша су жібергізген болатын. Соның нәтижесінде кейбір шаруашылықтар егістік жерінен екінші рет өнім алғалы отыр. Ерте көктемде қырыққабат еккен шаруалар оны сәуір айында жинап алып, орнына мақта отырғызған. Оны да бірер аптада толық жинап алмақ. Биыл су мол болғандықтан, егіншілер иелігіндегі жерді толық игерген. Нұрман Дәуренбек, шаруа: – Соның есебінен 100 гектарға бақша ектік. Одан гектарына 15-20 тонна өнім алып жатырмыз. Жүзімнен де гектарына 20-25 тонна алыпдық. Бұрын бір рет суаратын ек. Қазір 2-3 суарамыз. Соның есебінен жүзімнің де өнімділігі көтеріліп жатыр. Биыл Жетісай мен Мақтаралдық шаруалар 1 млрд 900 млн текше метр су пайдаланған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 1,5-2 есеге көп. Мелиорациялық кешенді жұмыстардың нәтижесінде аймақтағы 30 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарды. Сондай-ақ кезінде ағын судың жеткіліксіздігінен егіске жарамай қалған тағы 5 мың гектар жер қайта игерілді. Шадат Омаров, «Оңтүстіксушар» РМК аймақтық бөлімше басшысы: – Сонымен қатар ауданда 300 тік дренаж бар. Олардың барлығы жұмыс істеп, 6 ауыл әкімшілігінің аумағында уақытылы жер асты суының деңгейі төмен түсірілді. Жердің құнарын арттыруға ол да қолайлы жағдай туғызды. Жалпы биыл Мақтарал мен Жетісай аудандарында 3 бірдей каналдың 38 шақырым жері жөнделіп, арнасы бетондалды. Сонымен бірге 252 шақырым су жүйесі тазартылды. Соның арқасында шаруалар жаз бойына ағын судан тапшылық көрмеді. Екі ауданда 2 мың шақырымнан астам су жүйесі бар. Жер асты суының деңгейін төмендету үшін қойылған 731 дренаж жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 51 каналдың 214 шақырым жері жөнделмек.