Жетісай ауданы Жылысу ауыл округіне қарасты Жылысу ауылындағы демалыс орындарында ем алушылардың қатары жыл санап артып келеді. Өйткені мұндағы 900 метр тереңдіктен шығып жатқан 45 градустық жерасты суы буын, аяқ қол сыраттарына бірден бір ем. Биылдың өзінде осы ауылдағы 3 емдеу сауықтыру орталығына еліміздің түкпір түкпірінен 3 800-ге жуық адам келіп, ем алыпты. Демалушылардың ыстық ықыласына бөленіп отырған сауықтыру орталығының бірі «Төлеген» санаториясы ЖШС-і жыл басынан бері 1273 адамға қызмет көрсеткен. «Біздегі жерасты суының ерекшелігі көп. 45 градус ыстықтықта шығып жатқан судың құрамында Менделеев таблициасындағы 14 түрлі элемент бар. Атап айтсақ, сынап, темір, хлор, натрий, калций тағы басқалар… Демалушыларға 5 мезгіл тамақ беріледі. Ем алушыларға 12 түрлі медициналық қызмет көрсетеміз»,- дейді «Төлеген санаториясы» ЖШС-нің меңгерушісі Роза Әжімбекова.
Мекеме басшысы Төлеген Сазанбайұлының айтуынша, алдағы жылы мұнда 30 орындық тағы бір қосымша ғимарат бой көтермекші екен. Сондай-ақ, ем алушыларға қысы-жазы қызмет көрсету режиміне көшіруді жоспарлап отыр. Ол үшін көгілдір отын ауадай қажет дейді. Өйткені, емдеу сауықтыру кешендерін қыс мезгілінде қатты отынмен жылыту шығынға батыратын көрінеді.
«Бізде ем алам деушілерге тәулігіне 3500, 4000, 4500 теңгелік орындар бар. Бірақ барлық демалушыларға бірдей ем-дом шаралары жүргізіледі. Арзан болғандықтан келушілер қатары да күн санап артып отыр. Ендігі мақсат – жыл он екі ай қызмет режиміне көшу. Ауылымызға алдағы жылы көгілдір отынмен қамтылса, нұр үстіне нұр болар еді»,- дейді Төлеген Сазанбайұлы.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі