Кеңес дәуірінде Одаққа танымал болған Түлкібас ауданының алмасы соңғы жылдары қайта жандануда. Қазіргі таңда алманы осы өңірдің брендіне айналдыру мақсатында алма бақтарында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданында 1991-2018 жылдар аралығында барлығы 3077 гектар жерге алма ағаштары отырғызылған. Оның 310 гектары қарқынды бау болса, 859 гектары ескі алма баулар. Оларды алып тастап, орнына жаңа алма ағаштарын отырғызу қажет. Ал, жалпы ауданда бау шаруашылығымен айналысатын 5 серіктестік пен 22 шаруа қожалық болса, олардың ішінде «Көктал» шаруа қожалығы бақ өсіруде алдыңғы қатарлы елдердің, оның ішінде Түркия, Польша мемлекеттерінің соңғы үлгідегі озық тәжірибелерін пайдаланып келеді. Нәтижесі де жаман емес.жыл сайын өнім көлемі де артып отыр. Бұл бауда негізінен тамшылатып суғару технологиясы қолданылады. Бағбандар барлық қажетті бау-бақша техникасы болған жағдайда, шаруашылық қызметкерлерінің еңбегі айтарлықтай жеңілдетіледі және агротехникалық шараларды жүргізуге ыңғайлы болады деп санайды. Алдағы уақытта заманауи технологияларды енгізіп, мол өнім алуды да жоспарлап отыр.