Түркістан облысында шаруаларға жаңа ауыл шаруашылығы техникалары таныстырылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқамасының ұйытқы болуымен «Әлем агро» және «Еуразия групп» компаниялары Ордабасы ауданының белді фермерлерін жинап, ауыл шаруашылығы техникалары мен мақта дақылының жаңа сорттарын көрсетті. Басқоcуда әлемнің 60-тан астам елін ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етіп отырған компания өкілдері диқандарға жаңа техникаға қалай қол жеткізуге болатындығы жөнінде айтып берді. Шаруалар өздерін толғандырған сауалдарына тұшымды жауап алып, ойларымен бөлісті. Фермерлер мен компания өкілдерінің бір-бірімен емен-жарқын пікір алмасуы үшін жағдай жасап, өз алаңын ұсынған «Рамазан агро» ЖШС жаңа техникамен толық қамтылған. Қазір мұндағы комбайндар шаруашылыққа тиесілі 500 гектар алқаптағы мақта дақылын орып жатыр. Сонымен қатар, жиын барысында диқандардың назарына мақтаның жаңа сорты ұсынылды. Шетелден әкелінген тұқымдардың артықшылығы мен ерекшелігі жайында шаруаларға мол мағлұмат берілді.
Бауыржан Жарқынбекұлы, Тұқыммен қамту компаниясының өкілі
— Мысалы Туркияда 60 центнерден алады, 50 алса аз дейді. Израилде де, Америкада да сондай. Біз солардың тұқымын алып келдік. Түркиядан «Лотос» деген ұрық алып келдік бірінші, 50 гектарға егіп тексеріп көрдік. 140 күнде пісті, бірақ шанақтың саны көп. Өте жоғары гектарына 40 центнерден өнім берді. Одан кейін Америкадан 3 сорт әкелдік. Біздің климатқа қайсысы жақсы келеді, сонымен жұмыс істей береміз.
Сонымен қатар, техникамен қамтамасыз ететін компанияның агроном-кеңесшісі Алмат Нүрекеев те өз ойымен бөлісті.
— Біз алдымен олардың жерін көреміз. Қатты ма, жұмсақ па? Соған орай біз өзіміздің техникаларымызды ұсынамыз. Сол шаруашылыққа қандай техника келеді. Егер шаруа техниканы алатын болса, 14 пайыздың 10-ын мемлекет төлеп береді, 4 пайыз жеңілдікпен шаруаның техниканы алуға мүмкіндігі бар.