«Бастау» жобасының түлегі тәтті тоқаш пісіретін кондитерлік цех ашты.
Әйгерім Жадакова Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының тұрғыны. Жасы небәрі жиырма бірде. Болашақ кондитердің негізгі мамандығы – заңгер. Жастайынан тәттілер пісіруге әуес болған Әйгерім, сүйікті ісін кәсібіне айналдыруды көздейді. Осылайша, «Бастау» жобасына қатысып, білімін жетілдіреді. Кәсіпті қалай және неден бастау қажеттігін үйренген ол, өз қаражатына үйінен кондитерлік цех ашады.
«Өзім бәліш, тәтті тоқаштар пісіргенді жақсы көремін. Бала күнімнен анамның қасында жүріп тәттілер пісіруге әуес болдым. Теледидар мен журналдардан түрлі рецепттерді алып, үйде дайындап жүрдім. Кейін бұл қызығушылығымды кәсіп көзіне айналдырғым келді», – дейді Әйгерім.
Міне, осылайша сүйікті ісіне айналған тәттілері бизнесінің бастауы болды. Қазір Әйгерім кондитерлік өнімдер мен тәттілер пісіру бойынша оқыту курстарын да өткізеді. Үйреніп шыққан қыздарға сертификат да береді.
Жас кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің ауқымын кеңейткісі келетіндігін жеткізді. Ол үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алуға құжаттарын әзірлеуде.
Қай істің көзін тапсаң, оны әрі қарай дамытқың келіп тұратыны бар. Онсыз болмайды. Мемлекеттен қолдау алып, қажетті құрылғыларды алуды ойластырудамын. Ең бастысы, бұл істе көтеріңкі көңіл күй қажет. Кез-келген тапсырыс түрін қабылдау арқылы мен өз қиялымды шыңдап отырамын. Қазіргі таңда бір күнде он данадан артық торт сатылады. Мен ең бастысы санға емес, сапаға жұмыс жасаймын. Қазіргі тұтынушылар талғамы жоғары. Сауда орындарындағы сөрелерде осы сынды өнімдер саудасы қызып тұрған уақытта өндірушілер арасында бәсекелестік болмай қоймайды. Сол бәсекелестікке шыдап бақсақ қана, ісің өрге домалайды,– деді кәсіпкер.
Осылайша, Әйгерім өзінің шағын кәсібі арқылы тұтынушыларының алғысына бөленуде.
Айта кетейк, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында былтыр қолға алынған «Бастау» жобасы тиімділігін дәлелдеуде. Соның нәтижесінде, биыл Түркістан облысында аталмыш жобаға тартылғандар саны екі есеге артқан. Бүгінгі күні жеке бизнесті ашу үшін машықтануға облыстағы 11 ауданнан 3460 тұрғынды қамтып, оның 692-сі өз кәсіптерін ашу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе жоғары көрсеткіш.
atameken.kz