Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кезекті бастамасымен итальяндық «ВитоФрут» ЖШС-і компаниясы мен Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарының бағбандары арасында кездесу өтті. Осы жұмыстар аясында алма өсірумен айналысатын шаруаларға интенсивті бау-бақша құру ісін жүзеге асырудың тиімді механизмі ұсынылды. Ал оны жүзеге асыру үшін жобаның жалпы құнының бар болғаны 15 пайызын кепілдік ретінде растау қажет. Мұнан бөлек, осы жоба аясында МТС-тер мен ғылыми-кеңес орталықтары құрылмақ.Жобаның қарапайым және тиімді механизмі бағбандар тарапынан қаржылық шығынды барынша азайтуға сеп болып, керісінше, ондағы өнімділік көлемін ұлғайтуға мұрындық болмақ. Өндірістің толық циклда жұмыс істеп, шығын көлемін азайту үшін шпалер мен тор шығаратын кәсіпорындар мен тәлімбақтар құру қарастырылған. Мұнан бөлек, осы бастаманы жүзеге асыру шеңберінде коопертивтер құру жоспарлануда. Жалпы, 2016 жылдың қорытындысы бойынша облыста аз дегенде 1 мың гектарда интенсивті алма бауы жайқалуы тиіс. Айта кетейік облыстағы қарқынды баудың бүгінге дейінгі жалпы көлемі 1285, 5 га. Осы жылы өңір шаруалары тағы да мың гектар жерге интенсивті бау егуді қолға алып отыр. Нәтижесінде, жыл соңына дейін біздегі қарқынды баудың көлемі екі есеге артпақ.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі