Оңтүстік Қазақстанда астық ору науқаны басталды. Облысымызда биыл астық ору жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда 10-15 күнге ерте қолға алынып отыр. Жалпы аймақта 195 мың гектарға масақты дақылдар егілген болса, оның 156,7 мың гектары бидай, ал 38,3 мың гектары арпа.Егінге алғашқы орақты қазығұрттық шаруалар салды. Аталған ауданда 34 мың гектарға жуық жерге бидай егілсе, 3,2 мың гектарына арпа егілген.Бүгінде алғашқы орақты «Аманкелді» ЖШС бидай және арпа ору жұмыстарын 1,5 мың га жерде жүргізуде. Мемлекет тарапынан дер кезінде берілген қолдаулардың арқасында өткен жылмен салыстырғанда мұнда дақылдардың орташа түсімі 20% жоғары. Қожалық басшысы Н.Құраловтың айтуынша, астықты жинап алу жұмыстарына 15 комбайн мен 12 КАМАЗ жүк көлігі жұмылдырылған. Ал дайын 30 мың тонна бидайды Ауғанстан, Иран және Өзбекстан мемлекеттеріне экспорттауға келісімдер жасалып қойылған. Айта кетейік, тауар өндірушілерге жеңілдетілген бағамен берілетін минералды тыңайтқыштың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4 мың тоннаға артып, 80 мың тоннаны құрады.
Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 38 мың тонна жанар-жағар майдың 37,2 мың тоннасы босатылды. Масақты дақылдардың алдын-ала жасалынған болжамдық есебі бойынша 195 мың га алқаптың әр гектарынан 22 центнерден жалпы 430 мың тоннадан аса өнім алынады деп күтілуде.
Жалпы алғанда осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4 мың га артып, 780 мың га құрайды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі