Жуырда «Ырыс» микроқаржы ұйымы ЖШС-нің өкілдері журналистерге арнайы пресс-тур ұйымдастырды. Іс-шара кезінде БАҚ өкілдері аталған серіктестік қаржыландырған шаруа қожалықтарын аралады. Ең алдымен, тілшілер тобы Ордабасы ауданындағы өндірістік кооперативінде болып, шаруа қожалық иесінің соңғы үш жылдан бері өз жобаларын микро қаржыландыру ұйымы арқылы жүзеге асырып жатқанына куә болды. Осы жылы шаруа өз қожалығына шитті мақта егу үшін 2,8 млн. теңге несие алып, келер жылы 90-100 тонна өнім алуды көздеп отыр.
Мұнан соң, жұмыс тобы Шұбарсу ауылындағы «Кәусар-Әли» мектепке дейінгі мекемесінде болды. Балабақша микро қаржы ұйымынан 7 млн. теңге алып, оған жылыту қазандығы мен жиһаз, ыдыс-аяқ және төсек орын алған. 150 балаға шақталған мекемеде 30 адам жұмыспен қамтылған. «Кәусар-Әли» балабақшасының құрылтайшысы Меруерт Төреева: «Балабақша ашу үшін әрине көп қаражат қажет. Өз есебімізден 150 миллион теңгеден астам ақша салдық. Ал жылу қазандығы мен есік терезесіне қаражат жетіспегендіктен «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 7 миллион теңге несие алдық. Бұл ұйымның пайызы өте төмен, біз сияқты кәсіпкерлерге өте тиімді» дейді. Шұбарсу ауылында тұрғындар саны жыл жылжыған сайын артып келеді. Өз кезегінде балабақша жетіспеушілігі де бар. Алдағы уақытта мекеме басшысы тағы да несие алып қосымша ғимарат салуды көздеп отыр. Облыстағы кәсіпкерлердің басым бөлігі аталған ұйымнан алған несиенің көмегімен 2009-2016 жылдар аралығында өңірімізде 890 орынға арналған 15 балабақшаны іске қосқан. Алдағы уақытта да балабақша жетіспеушілігін азайтпақ ниеттегі кәсіпкерлерді арзан пайыздық несиемен қамтамасыз етпек. Бұдан кейін тілшілер Сайрам ауданында орын тепкен «Пиримкулов Ш.» жылыжай шаруашылығында болды. Кәсіпкерге бөлінген тиісті қаржының арқасында шаруа мұнда көлемі 1,2 га болатын жылыжай салды. Бұл, өз кезегінде, жылыжайдан жылына 150 тонна қызанақ пен 100 қияр алуға мүмкіндік береді. Аталған өнімдер еліміздің солтүстік өңірлеріне жіберіліп, ондағы көкөністер бағасының тұрақтануына себеп болады.
Айта кету керек, «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-і 2009-2015 жылдар аралығында өсімдік шаруашылығы саласында құны 3 660 млн. теңге болатын 4 мыңнан астам жобаны қаржыландырған. Ал осы жылы «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ ұсынған несие желісінің 3 млрд. теңге ақшаға микро қаржы ұйымы 768 жобаны (құны – 1,3 млрд.) қаржыландырған. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығына қарасты «Ырыс» микроқаржы ұйымы 2009 жылдан бері облысымыздағы кәсіпкерлерді арзан несиемен қамтамасыз етіп келеді. Бұл қаржы институты әлеуметтік қызмет орындарын ашу, қызмет көрсету саласы бойынша 649 млн. теңгеге 212 жобаны қаржыландырған. Сондай – ақ, басқа жобаларға 459 млн. теңге бөліп, 115 жобаның жүзеге асуына ұйытқы болды.
Хилола Назарметова, «Ырыс» микроқаржы ұйымы ЖШС-нің директоры;
— Мекеменің қаржыландыру басым бағыттарына тоқталып өткім келеді. Мал бордақылау алаңдарын құру, жанұялық тауарлы суб фирмаларын құру, жылыжай шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды қаржыландыру. Оның ішінде бала-бақшалар, спорт кешендері, асхана тағы басқа жобаларды қаржыландыру. Бүгінде тиімді пайызбен несие алып кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер көп. Бірақ шалғай ауылдардағы диқандар, шаруалар біздің ұйым туралы ақпараты аз. Сондықтан да тілші қауымы сол азаматтарға осыны жеткізсе екен.