Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаевтың төрағалығымен құқық қорғау органдары мен облыстағы бизнес саласының өкілдерінің кездесуі өтті. Жиынға Түркістан облысының прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті, Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы, «Әділдік жолы» РҚБ Түркістан облыстық филиалының өкілдері қатысты. Онда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндалды. — Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенін нақты айтқан болатын. Осы орайда құқық қорғау органдарымен бірлесе келе кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша заңдылықтың жай-күйін, сондай-ақ бизнестің өткір және маңызды мәселелерін шешудегі проблемаларды есту мақсатында бизнес өкілдерімен кездесудеміз, — деді облыс әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев. Мемлекет Басшысының бизнестің құқығын қорғау бағытында жұмыстарды күшейту жөніндегі тапсырмасы мен «Бизнесті қорғау экожүйесін дамыту және тартымды бизнес-ахуалды қалыптастырудың» жөніндегі іс-шаралар жоспарға сәйкес, Түркістан облысының прокуратурасымен бірлесе отырып «Бизнесті қорғау және қолдау» Форумы өткен болатын. Форум аясында алғаш рет Палата мен прокуратура бірлесіп Түркістан облысының аудандарындағы бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Рейтинг әзірленіп, жарияланды. Аталған Рейтинг бизнес-климатты жақсарту, инвестицияны ұлғайту, кәсіпкерлердің құқығын бұзу фактілерін азайту және іскерлік белсенділікті дамыту бағытында 15 өлшемін қамтиды. Жиын соңында проблемалық мәселелер анықталып, кәсіпкерлерге қатысты заңдылықтың бұзылуына жол бермеу және одан әрі шешу алгоритмі әзірлену бойынша шешім қабылданды.